ШҚО-да дәрігерге тіркелу мобильді қосымшасын қолданушылар саны 120 мыңнан асты

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған дәрігер қабылдауына жазылудың мобильді қосымшасын шығысқазақстандықтар кеңінен қолдана бастады. Атап айтсақ, өткен жылдың соңғы төрт айында бұл қосымшаны смартфондарына жүктеп, қолдануды бастаған өңір тұрғындарының саны 120 мыңнан асып жығылған. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов хабарлады.

«Мобильді қосымшаға қосылған клиенттер санын биыл екі есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни, интернет-белсенді тұрғындардың арасынан мобильді қосымшаны қолданушылар санын 250 мың адамға жеткізбекпіз. Жалпы облысымызда мұндай интернет-белсенді тұрғындарды саны 700 мыңнан асады. Бұл дегеніміз облыс тұрғындарының үштен бір бөлігі. Атап айтсақ, қазірдің өзінде аталмыш санаттағы адамдардың мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылуға, маманның тағайындаған рецептері мен басқа да медициналық қызмет түрлерін алуларына мүмкіндік ала алады дегенді білдіреді», - дейді Марат Едігеұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, өткен жылы медицина саласының мамандары негізінен ақпараттық жүйелерді қолдануға оқытылса, биыл медициналық ақпараттық жүйелер «1С-бухгалтерия» сияқты бірқатар қаржылық жүйелермен біріктірілмек көрінеді. Бұл бірінші кезекте медициналық қызмет түрлерінің ұтымды көрсетілуіне, тағайындалатын дәрі-дәрмектің мақсатты қолданылуына жағдай жасайды.

«Қазіргі уақытта бұл мақсатта жұмыс тобын құрдық. Олар ақпараттық жүйелердің біріктіріліп бір бағытта жұмыс істеуін жан-жақты зерделемек. Жалпы, 2019 жылы біз осы саланың одан әрі дамуына ерекше зер салатын боламыз», - деп қосты басқарма басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы