ШҚО-да шаруашылық жерлердің электрондық картасы жасалуда

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысындағы егістік жерлер толығымен цифрланып, жайылымдар мен шабындықтар жайлы деректер электрондық базаға жартылай енгізілген. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Саяси кеңесінің бюросында айтылды.

«Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің сандық базасы қалыптастырылып, minagro.kz веб-порталында алқаптардың электрондық картасы жасалды. Атап айтсақ, егістік жерлер 104,5%-ға цифрланса, жайылымдардың – 56,7%-ы, шабындықтардың 50,6%-ы электрондық картаға енгізілді. Бұдан бөлек, техникалық төлқұжат пен жылына 100 мыңға дейін мемлекеттік нөмір белгілерін беру бойынша қызмет көрсетуге арналған «Ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы есепке алу» жүйесі енгізілді. Осылайша, техниканың бар-жоғы туралы анықтама беру уақыты екі аптадан 20 минутқа қысқарды», - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.

Естеріңізге салсақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2018 жылдан бері өңірде «Digital East» (Цифрлық Шығыс) кешенді жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда аталмыш жоба экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке ауысу, цифрлық Жібек жолы жобасын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені қалыптастыру сияқты негізгі бес бағытта жүргізілуде. Осының аясында 2018 жылы 14 шара жүзеге асырылып, биыл жалғасын тапқан 38 жоба бастау алған болатын.

«Өңір кәсіпкерлеріне арнап Өскемен және Семей қалаларындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар бос жер учаскелерінің электрондық картасы жасалды. Сондай-ақ, биыл осындай картаны Риддер, Аягөз, Шемонаиха, Серебрянск, Зайсан және Алтай сынды алты қалада жасауды жоспарлап отырмыз», - деп қосты Марина Владимировна.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: шартты

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы