ШҚО-да «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында келешегі бар ауылдар іріктелді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында болашағы бар ауылдарға 10 жылға арналған кешенді даму жоспары жасалмақ. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы ШҚОФ ХХІІІ-ші партиялық конференциясы барысында белгілі болды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша мемлекеттік және әлеуметтік қызметтің барлық түрлерімен қамтылған ауылдарды қалыптастыру мақсатында даму келешегі бар елді мекендер таңдап алынды. Қазіргі уақытта инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандарын салуға деген қажеттілік анықталуда. Бірінші қыркүйекке дейін болашағынан үміт күттіретін ауылдар бойынша 10 жылға арналған кешенді даму жоспарларын жасау көзделіп отыр», - дейді «Nur Otan» партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Сонымен қатар, ауылдарды дамытудың кешенді жоспарында ауыл-аймақта көпшілік тұтынатын тауарларды шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған бизнесті қолдау шаралары да қарастырылған.

«Оның ішінде 82 мың гектар егістік жерді қалпына келтіру, 2022 жылға қарай мұндай алқаптар көлемін 172 гектарға жеткізу, шетелден әкелінетін асыл тұқымды ірі қара санын ұлғайтып, 2022 жылға қарай олардың санын 30 мыңға жеткізу, сондай-ақ 2021 жылға қарай 11 бордақылау алаңын, 12 сүт-тауарлы фермасын, 20 сүт қабылдайтын пункттер мен басқа да нысандар салу жоспарланған», - деп қосты жауапты тұлға.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы