ШҚО-да алты ай ішінде жол-көлік оқиғасынан 3 бала көз жұмған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы жартыжылдықта балалардың зардап шегуімен болған 46 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан тәртіп сақшылары мен әскерилер алдын алу шараларын күшейтуде. Бұл туралы buqara.kz сайтында хабарланды.

Сабақ басталу уақыты мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты облыста 700-ден аса шенділер мен 200-ден аса көлік жұмылдырылған.

Мектептерге іргелес жатқан 292 аумақ жол қозғалысын ұйымдастыру тұрғысынан тексеріліп, жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою туралы 129 ұйғарым берілген. 74 жол белгісі мен 85 жаяу жүргіншілер жолағы белгісі орнатылды.

Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің әскери автомобильдік полициясы бөлімшесінің бастығы Талғат Замзиннің айтуынша, балалардың жол үстіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға ерекше көңіл бөлінуде.

«Жаңа оқу жылы басталды. Барлығы білетіндей, әсіресе, мектеп алдында көліктер мен адамдардың қозғалысы көп. Сондықтан білім ордаларынан бастауды жөн көрдік. Біздің топ бұл шараны Ахмер орта мектебінде өткізіп, оқушыларға сақтық ережелерін түсіндірді. Алдағы уақытта да тиісті орындарда мұндай акцияларды жалғастырамыз, - дейді Талғат Замзин.

Айта кетейік, алдын алу шараларын Өскемен гарнизоны әскери автомобильдiк полиция бөлiмшесiнiң инспекторлары мен ІІМ қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы