ШҚО-да алмастырылған көше шамдары мектеп пен балабақша аулаларына орнатылмақ
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы бір жарым жылда Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудан орталықтарындағы 36 мың дана көше шамы жарық үнемдегіш лампаларға ауыстырылады. Ал босаған ескі жарық шамдары мектептер мен балабақшалардың аулаларына, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне орнатылып, кәдеге жарамақ.
«Біз алдағы бір жарым жыл ішінде 36 мың дана көше шамын жарық үнемдегіш шамдарына ауыстырамыз. Оның 26 мыңы Өскемен және Семей қалаларында ауыстырылса, қалған он мыңы аудан орталықтарындағы көше шамдары болмақ. Біз ескі жарық шамдарын да кәдеге жаратып, оларды мектептердің, ауруханалардың аулаларына, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне орнатамыз. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара», - деді Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде.
Қазіргі уақытта «Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтқан өңір басшысы шілде айында облыс орталығында 4 мың бейнебақылау камерасының орнатылатынын алға тартты.
«Өскемен қаласын түгелдей дерлік бейнебақылау камераларымен қамтитын боламыз. Осылайша бейнебақылау камералары мен жарықтандыруды біріктіріп, бір жүйеде жұмыс істетпекпіз. Сондықтан әр үйдің кіреберісін жарықтандыру қажет. «Ақылды қала» бағдарламасы шеңберінде облысымыздағы басқа елді мекендер де назардан тыс қалмайды. Атап айтсақ, алдағы уақытта өңірдегі барлық қалаларды осындай көше шамдарымен жарықтандырмақ ниеттеміз», - деп қосты облыс басшысы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: шартты