ШҚО-да 33,5 мың оқушы мектеп формасымен қамтылмақ
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аудан, қала әкімдерінің басын қосқан селекторлық кеңесте өңір басшысы Даниал Ахметов мектеп формасын қажет ететін оқушыларға көбірек назар аударылуы қажеттігін ескертті.
Кеңес барысында белгілі болғандай, бүгінгі таңда мектеп формасы облыстағы мектеп оқушыларының 33,5 мыңына қажет көрінеді. Оның 6,7 мыңы жалпы білім беру қорынан қаржыландырылса, 26,8 мыңы облыстық бюджет есебінен сатып алынбақ. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 500 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып та қойған. Ал мектеп формасын тігуге «УК Юнис» ЖШС, «Семспецснаб» ЖШС, ЖК «Isnar», «Ақтұмар»ЖШС, «Ақмаңдай» ЖШС сынды кәсіпорындар ниет білдірген.
«Мемлекеттік тапсырысты орналастырмас бұрын өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлік басқармасы негізгі инвестициялық қорды жаңартып, отандық өндірушілердің бәсекелестігін көтеретін ерекше бағдарлама ойластырулары керек. Сонымен қатар Білім басқармасы облыстағы 655 жалпы білім ордаларындағы мектеп формасының әртүрлілігін бір қалыпқа келтіріп, мектеп оқушылары үшін бірыңғай киім үлгісін жасауы қажет», - деді Даниал Ахметов.
Естеріңізде болса, біз бұған дейін бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 129 миллион теңге бөлініп келгені жайлы жазған болатынбыз. Енді ол 500 миллион теңгеге артты. Бұл әр балаға шамамен 22 мың теңгеден ақша бөлінеді деген сөз. Жалпы, мектеп формасының бағасы әртүрлі екені белгілі - 17 мыңнан 36 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сондықтан жергілікті билік орташа бағаны таңдап отыр.