ШҚО-да 15 дәріханаға айыппұл салынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да медициналық препараттарды рецептсіз сатқан 15 дәріханаға айыппұл салынды. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Облыстық прокуратура есірткі заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша уәкілетті органдар қабылдап отырған шаралардың тиімділігін қарастырды.
Прокуратура алқасының отырысында осы мақсатта 2018 жылы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының қызметі бойынша есеп ұсынылды.
Облыс аумағында көкнәр саудалайтын төрт орын анықталған екен. Олар үй жағдайында экстракциялық апиын әзірлеп жүрген. Төрт тоннадан астам есірткілік зат тәркіленіп алынды.
Сондай-ақ, құрамында есірткілік заттары бар дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатқан 15 дәріханаға 3,5 миллион теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, біреуінің лицензиясы тоқтатылды.
Қазіргі таңда тағы тоғыз дәріхананың қожайындары әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Олардың лицензиясын тоқтату бойынша мәселе қаралуда.