Шөкеев Мақтааралдағы жаңа үйлердің құрылысын сапалы аяқтауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралап, бүгінгі жай-күйімен танысып шықты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сапар барысында аймақ басшысы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас және Фирдауси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарын көріп, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Халық саны 1500-ға жуық Өргебас елді мекенінде тұрғындармен келісімшарт түзіліп, құрылыс жұмыстарына арналған қаражаттар бөлінген. Бүгінгі таңда 133 үй сырылып, іргетасын құю жұмыстарына дайындық жасалуда. Тағы 66 үйдің іргетасы құйылып, 12 үйдің қабырғасы қалануда. 1 үйдің шатыры жабылған.

Ал Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде  274 үйдің аумағы тазартылып, 116 үйдің іргетасы құйылған. 10 үйдің қабырғасы қаланып жатыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұдан соң Мырзакент маңында бой көтеріп жатқан жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жаңа мөлтек ауданда бүгінде 31 мердігер мекеме тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатыр. Жалпы, 386 үйдің құрылысына 1553 адам жұмылдырылған. 51 үйдің шатыры жабылып, 2 үйдің құрылысы толық аяқталған. Өмірзақ Естайұлы құрылыс компанияларына құрылысты сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы