Үш қазақстандық балуан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында үш қазақстандық балуан жартылай финалға шықты.

Бүгін жарыс жолына әйелдер күресінен 50, 53, 55 және 72 келідегі балуандар шықты.
Осылардың арасында 53 келідегі Татьяна Ахметова ғана беларусь қызынан ұтылып қалды.

Ал қалған үш салмақта отандастарымыз жартылай финалға шықты.

50 келіде ел намысын қорғап жатқан Валентина Исламова қыздардан алғаш болып Олимпиада ойындарының лицензиясына қол жеткізді. Ол ширек финалда түркиялық Евин Демирханды 12:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Сөйтіп, 50 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының лицензиясына иелік етті.
 
Жартылай финалда Исламованы румын спортшысы күтіп тұр.

55 келіде белдесетін Марина Седнева ширек финалда Польшадан келген Лукасиаканың осал тұсын тапты( 5:0). Енді, жартылай финалда жапониялық балуанмен кездеседі. 

Жәмила Бақбергенова (72 келі) ширек финалда түркиялық Бесте Алтугты оңай жеңді (10:0). Енді, финалдың жолдамасы үшін Олимпиада чемпионы, ресейлік Наталья Воробьевамен белдеседі.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы