16 Тамыз 2026, 13:15 Фото: Ceuta Migration Crisis

Сеутаға жаппай өтпек болған 294 адам ұсталды

Ұсталғандардың басым бөлігі – Африка елдерінің азаматтары.

Мароккода Испанияның Сеута қаласына жаппай өтпек болғандар арасында ұсталғандар саны 294 адамға жетті.

Morocco World News таратқан ақпаратқа сәйкес, қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздің мәліметінше, сенбі, 15 тамызда ұсталғандардың арасында Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінің 248 азаматы және Марокконың 46 азаматы болған.

Бұған дейін 148 адамның ұсталғаны хабарланған еді. Олардың 128-і Африка елдерінің азаматтары болса, 20-сы – марокколықтар. Осылайша Фнидек пен оның маңында күштік құрылымдардың операциялары жалғасқан сайын ұсталғандар саны да артқан.

Іс-шаралар 15 тамыз күні таңертең ерте басталды. Оған қоғамдық қауіпсіздік күштері басқа құқық қорғау құрылымдарымен және жергілікті билік органдарымен бірлесіп қатысып жатыр.

Негізгі мақсат – Испанияның басқаруындағы Сеутаға топ болып заңсыз өту әрекеттерінің, соның ішінде Марокконың солтүстік жағалауынан теңіз арқылы жетудің алдын алу.

Билік өкілдері ұсталғандар саны туралы мәлімет әзірге алдын ала екенін және операциялар жалғасып жатқандықтан өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.

Дереккөз мәліметінше, сенбі күні заңсыз мигранттардың Сеута аумағына жаппай өтуі тіркелмеген.

Қауіпсіздік шараларының күшейтілуі Марокко аумағынан Сеутаға жаппай өтуге жасалған соңғы әрекеттерден кейін аймақтағы көші-қон ахуалының шиеленісуімен байланысты.