Сеулдегі келісім: Қазақстан өнеркәсібіне қандай мүмкіндік ашылды?
Қазақстан мен Корея өңдеу өнеркәсібі, инновация және цифрландыру салаларында тәжірибе алмасуға келісті. Тараптар ортақ жобаларды қолға алады.
15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан - Корея іскерлік дөңгелек үстелі аясында ынтымақтастық жөніндегі бірқатар құжатқа қол қойылды. Аталған іс-шара аясында «QazIndustry» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров пен Корея өнеркәсіптік экономика және сауда институтының (KIET) президенті Намхун Квон өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат өңдеу өнеркәсібі секторларын және өңірлік өндірісті дамыту, өндірістік процестерге озық цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға, білім, ақпарат және тәжірибе алмасуға бағытталған. Меморандум аясында тараптар сараптамалық жобаларды, конференциялар мен семинарларды бірлесіп ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, KIET – Оңтүстік Кореядағы жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарының бірі. Институт өнеркәсіптік және экономикалық саясат саласында ауқымды зерттеулер жүргізеді, бизнестің және экономика секторларының жаһандық өзгерістерге бейімделу мәселелерін зерделейді, сондай-ақ тәжірибе алмасу және жаһандық жеткізу тізбектерін нығайту мақсатында халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Меморандумға қол қою QazIndustry үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Қазақстан тарапы индустрияландыруды сараптамалық сүйемелдеу, инновацияларды енгізу және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағыттарында маңызды серіктеске ие болып отыр.
Еске сала кетейік, 16-17 қыркүйекте Сеулде алғаш рет «Орталық Азия – Корея Республикасы» мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Саммит барысында инвестициялық ынтымақтастық, технологияларды енгізу, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, жаһандық жеткізу тізбектерін нығайту, сондай-ақ Оңтүстік Кореямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады.