5 Тамыз 2026, 05:51 Фото: pixabay

Сеулде рекордтық аптап ыстық: алғаш рет ең жоғары қауіп деңгейі жарияланды

Қала билігі тұрғындарды қорғау шараларын күшейтті. Коммуналдық қызметтер жолдарға су сеуіп, асфальттың температурасын төмендетуге кірісті.

Сеул билігі тарихта алғаш рет аптап ыстыққа байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жариялады. Дәрігерлер ыстықтан зардап шеккендер санының артып жатқанын мәлімдеді.

Ескерту Сеулдің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөліктеріне таратылды. Ең жоғары қауіп режимі қаладағы 11 ауданға, соның ішінде Каннам, Сонгпа, Кансо және Кванак аудандарына енгізілді.

Мұндай ескерту сезілетін ауа температурасы 38°C-қа немесе одан жоғары көтерілгенде, не күндізгі ең жоғары температура 39°C-тан кем болмаған жағдайда жарияланады. Сондай-ақ аптап ыстықтың екі және одан да көп күн бойы сақталуы да ескеріледі.

Үкіметтің мәліметінше, тек дүйсенбі күні Сеулде күннің қатты ысуына байланысты тағы 18 адамға медициналық көмек қажет болған. Мамыр айының ортасынан бері ыстықтан зардап шеккендердің жалпы саны 185 адамға жетіп, оның екеуі қайтыс болды.

Қала билігі тұрғындарды қорғау шараларын күшейтті. Коммуналдық қызметтер жолдарға су сеуіп, асфальттың температурасын төмендетуге кірісті. Сонымен қатар қарттар мен әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде.

Тұрғындардың аптаптан паналауы үшін қала бойынша 4 мыңға жуық арнайы орын дайындалды. Олардың қатарында қоғамдық орталықтар, қарттарға арналған мекемелер және әлеуметтік қолдау орталықтары бар.

Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Ішкі істер министрлігі тұрғындарға қауіпсіздік шаралары жөнінде SMS-хабарламалар жолдады. Азаматтарға аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауға, ашық аспан астында ауыр дене еңбегімен айналыспауға, көбірек су ішуге, салқын жерде демалуға және жақындарының денсаулығына мұқият болуға кеңес берілді.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысындағы Янсан қаласында ауа температурасы 42,5°C болғаны хабарланған еді. Бұл – 1904 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан заманауи метеорологиялық бақылаулар тарихындағы Корей түбегінде тіркелген ең жоғары температура.