Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының ғимаратында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған семинар өтті. Іс-шараны «Caspian Group Korea» компаниясы бірқатар корей ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Семинарға Ұлттық ассамблея депутаттары Ким Сон Вон мен Ким Сын Су, Samsung, Hyundai, KPMG Korea, KT және CJ сияқты корей компанияларының өкілдері қатысты.
Ұлттық Ассамблеяның депутаты Ким Сон Вон өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Корея үшін маңыздылығын атап өтіп, озық корей технологиялары мен бай қазақстандық табиғи ресурстарды біріктіру арқылы синергия құру қажеттігін атап өтті.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов қатысушыларды Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларымен таныстырды. Ол өнеркәсіптік даму, «ақылды қала» технологиялары, денсаулық сақтау жүйелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен «ақылды фермалар» сияқты негізгі салаларда корей тәжірибесін енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Баяндамашылар екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты қалалық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ете отырып, кореялық озық технологиялар үшін тартымдылық орталығы ретінде қызмет ететін «Alatau city» жаңа ірі жобасын егжей-тегжейлі таныстырды.
Бұл іс-шара Кореяның іскер топтарын Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы хабардар етудегі маңызды қадам болды.