Сервистік мемлекет моделі: Ауыл әкімдері үшін жаңа талаптар қандай?
Астанада ауыл әкімдерінің қатысуымен «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» атты диалог-платформа өтіп жатыр. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай сөз сөйлеп, жергілікті басқарудағы жаңа міндеттер мен сервистік үлгінің маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, сессияның басты мақсаты – мемлекеттік басқарудың сапасын жергілікті деңгейде арттырудың заманауи тәсілдерін талқылау және мемлекеттік аппараттың жұмысында клиентке бағдарланған сервистік үлгіні күшейту.
Мемлекет басшысы ауылдар мен аудандарды дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап берді. Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, ұлттық болмысымыздың негізі, ел экономикасының маңызды тірегі. Президент билік пен халық арасындағы сенімді арттыру, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту елдің тұрақты дамуының басты кепілі екенін үнемі атап келеді, – деді ол.
Агенттік төрағасы соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалардың ауыл әкімдерінің жұмыс жүйесіне түбегейлі өзгерістер әкелгенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. 2023 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау пилоттық режимде іске қосылып, 2025 жылдан бастап бұл тәжірибе республика бойынша толық енгізілді. Осылайша ауыл әкімдерінің корпусы түгелдей жаңартылған.
Егер бұрын мемлекеттік қызметшілер тек саяси және әкімшілік санаттарға бөлінсе, енді үшінші – сайланбалы мемлекеттік қызметшілер санаты енгізілді. Осыған сәйкес оларға қойылатын талаптар да өзгереді. Қызметке қабылдау, оны өткеру және тоқтату тәртібі жаңа мазмұнмен толықтырылады. Сайланған әкімдер енді өз өкілеттік кезеңінде сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің орындалуы үшін тікелей халық алдында жауап беретін болады, – деді Дархан Жазықбай.