Сервис, дәретхана. Сенатор туризм саласын сынады
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай еліміздің туризм саласы дамымай отырғанын айтып, саладағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балаларыммен бірге Павлодарда Жасыбайда, ШҚО-да Зайсан, Марқакөлде болдық. Абай облысында Абайдың туған жері Жидебайда болдық. Өзім де, балаларым да туризмді дамытып, қызмет сапасын жақсартуға дайындығымыздың жоқтығына куә болдық. Табиғатымыз қандай әдемі. Тіпті жол бойында дәретханалардың жоқтығы қатты сезіледі. Шетелдік туристер тұрмақ, өзіміздің демалуымызға сервис жоқ, - деді сенатор.
Жексенбай туризмді дамыту үшін алдымен жағдай жасап, одан кейін шетелдік туристерді шақыру керегін алға тартты.
Туристердің қысылмай-қымтырылмай жүруіне барынша жағдай жасауымыз керек. Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылуы керек деп ойлаймын. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Жүйелі жұмыстар жасау – міндетіміз, - деп айтты Бибігүл Жексенбай.
Сенатор осы жазда Жасыбайда болғанын айтты.
Шыны керек, осыдан 30 жыл бұрын қалай еді, әлі де сондай. Қандай керемет табиғи аймақтарымыз бар?! Ең алдымен кәсіпкерлерге мүмкіндік беру керек. Әрбір кәсіпкерге қаражатын құйып жатқан қонақ үй құрылысын бітіргенше, барлық салықтан босатқан дұрыс. Яғни қазақстандықтардың Қазақстанда демалуына барынша жақсы жағдай жасалуы керек. Жүйесіз, сапасыз дүниелердің, су жағасындағы дәретханалардың жетіспеушілігі жылайтын жағдай, - деп сынады Сенат депутаты еліміздің туризм саласын.
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін де пайдалануды тапсырған болатын. Президент атап өткендей, туризм саласындағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.