"Серпін": Павлодарға келген жастар облыста қалуға ниетті
Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Биыл "Серпін" бағдарламасына бес жыл толады. Осы уақыт ішінде Ертіс өңіріне еліміздің Оңтүстік аймақтарынан жүздеген жас келіп, орнығып үгерді.
Биылғы жылы аймақтағы екі жоғары оқу орындарынан «серпіндіктердің» алғашқы легі түлеп ұшып, дипломдарға ие болды. Қазіргі уақытта аймақтағы үш жоғары оқу орны және алты колледж -«Серпін» бағдарламасының қатысушысы атанып, студенттерге білім беруде.Мәселен, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде мемлекеттік бағдарлама бойынша 550 студент білім алуда. Бағдарлама қатысушысы Әдемі Қаныбек Шымкент қаласынан білім қуып келген. Стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша оқып, үздік дипломға ие болған.
«Төрт жыл бойы білім алдық. Білім беру сапасы көңілімнен шықты. Бірінші курстан бастап Павлодар құбыр жасау зауытында тәжірибеден өтіп, білімімді молайттым. Жатақханамен қамтылып, алаңсыз оқуға қолайлы жағдайлар жасалды. Дипломымды алып, күзде өндіріс ошағына бақылаушы болып жұмысқа орналасамын. Шыққан өнімнің сапасына жауапты боламын», - дейді Әдемі Қаныбек.
Бүгінде бағдарлама аясында студенттер 17 мамандық бойынша білім алады. Мәселен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде былтырғы жылы 134 студент оқыған. Ал биылғы жылы тағы 154 ұл-қыз түлеп ұшып, еңбекпен қамтылмақ. Олардың басым бөлігі өмірлерін Ертіс өңірімен байланыстырғысы келеді, себебі, облыстағы зауыт-фабрикаларда мамандар тапшы. Педагогика саласында да сапалы кадрлар қажет.
«Мен Түркістан облысы, Сайрам ауданынан келдім. Міне, дефектолог маманы атандым. Жұмысым да дайын тұр. Жаңа оқу жылында Ақсу қаласындағы мектептердің біріне жұмысқа орналасамын», - дейді «серпіндік» Жасур Сайдиғаниев.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жастар саясаты департаментінің директоры Ғабит Хафиздің айтуынша, жастар төрт жыл бойы жатақханаларда тұрды. Кейін оларға жұмысқа тұру бойынша көмек көрсетіледі.
«Біздің университетте Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласының балалары оқиды. Білім алуға құштар, оқу кезінде қосымша жұмыс істеуге тырысады. Өздері еңбекқор», - дейді департамент басшысы.
Айта кетейік, елімізде «Серпін» бағдарламасы бойынша 15 мыңнан астам студент білім алуда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мемлекет басшысының атына құттықтаулар келіп түсті
Өзгелердің жаңалығы