Серпін бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл «Серпін» бағдарламасының өтеу мерзімі қысқарды. Бұрын 3 жыл болса, қазір 2 жылды құрайды. Сондай-ақ жұмыспен өтеу бойынша оқыған аймақта ғана емес, бағдарламаға қатысатын аймақтарда да өтеуге мүмкіндігі бар.
2023 жылы өңірлік ЖОО-ға бөлінетін педагогикалық квота саны артып, 6280 грант бөлінді. Ал "Серпін" бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді, - дейді вице-министр.
Сондай-ақ грантқа құжаттарды қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде биыл өзгерістер болмайды.
13-20 шілде аралығында грантқа құжаттарды қабылдауды, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін ұсынуды жоспарлап отырмыз. ЖОО-ға қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады, - дейді Қуаныш Ерғалиев.
Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, ҰБТ-2023 басты жаңашылдықтары «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістердің енгізілуі. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болса, «Оқу сауаттылығынан» 15 тест сұрағы ұсынылады.