Серіктестік директорынан 9 млн теңге өндіріледі

Атырау облысындағы «Қамал Крепость» ЖШС жұмыс күшін пайдаланып, қызметкерлердің жалақысын беруден бас тартқан. Компания өкілдері жұмысшыларға 9 млн теңге берешек, деп хабарлайды BAQ.KZ Атыраудағы тілшісі.

«Қамал Крепость» серіктестігінде қызмет еткендердің бірі Сұлупан Тілесбаева. Қала тұрғыны компаниядан алғашқы 3 айдың жалақысын алып, кейін маңдай термен тапқан табысынан қағылған. Директор қарызынан құтылуға асықпапты.

Басында мені 3 айға жұмысқа алды. Стажировка деп, ешқандай келісімшарт жасаған жоқ. Сол үш айдың ақшасын төледі де, кейін қалған қаржыны әне беремін, міне беремін деп келді.Бірақ сол күйі жоқ болып кетті. Тезірек ақшамызды қайтарып алғымыз келеді. Бұл жерде жалғыз мен ғана емес, Батыс Қазақстан облысының, Маңғыстау облысының және өзіміздің Атыраудан да адамдар бар. Ішінде балаларын жалғыз қзі асырап отырған аналар да бар,-дейді С.Тілесбаева.

Күзет компаниясы 2021 жылы құрылған. Көлік-логистика саласындағы мекемелерге қызмет көрсетіпті. Бас-аяғы 70 маман еңбек еткен. Соның 58-і әлі күнге дейін жалақысын ала алмай жүр. Серіктестік қызметкерлерге 9 млн теңге қарыз. Ашынған тұрғындар бізден көлік прокуратурасына шағымданған. Іске құзырлы органдар араласқасын, «Қамал Крепость» серіктестігінің директоры тергеуге алынды. Кейін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қазір жазасын өтеуде. 

Серіктестік директоры ғимараттарды күзетуді жүзеге асыру үшін тұрғындарды жалдап, олардың жалақыларын заңсыз иемденген. Аталған дерек бойынша прокуратураның араласуынан кейін Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190 бабы 3 бөлігіне сәйкес, яғни екі және одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. 2022 жылдың 19 желтоқсанында Атырау қаласының № 2 сотының үкімімен ЖШС директоры қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот оған 3 жыл 6 ай жаза тағайындады. Жәбірленушілерге залалды өтеу міндеттелді. Үкім заңды күшіне енді,-дейді Атырау көлік прокурорының орынбасары Саят Сейітжан.

Әзірге алданған тұрғындарда күтуден басқа амал жоқ. Қаржыны өндіру жұмысымен сот орындаушылар айналысады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы