Серік Шәпкенов: Бюджет қаржысын уақытылы игермеген басшыдан қатаң сұралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мен 2022 жылдың І жартыжылдығында бюджеттік қаржының игерілуі қаралды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдыменен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов облыстағы 2022 жылдың шілде айындағы коронавирустың таралуына қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бір тәулікте 61 коронавирустық инфекция тіркеліп, қазір 600-ге жуық  адам ем алып жатыр.

Облыста ересектер арасында - 49, ал,  14 жасқа дейінгі балалар арасында 12 КВИ жағдайы тіркелген. Бүгінде облыс аумағында 2022 жылдың 18-24 шілде аралығында 322 коронавирус дерегі расталды. Яғни, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 48,3 жағдайды құрады. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2 есе өсіп отыр. Алайда, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 10 есе көбейіп, тәулігіне 600-800 адамнан коронавирус инфекциясы анықталуы мүмкін деген болжам бар,-деді М.Танауов.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Бәйдуалиевтің мәліметінше, тұрғындар арасында вакцинациялау мен ревакцинациялау қарқыны төмендеген.
 

Вакцина алатын жалпы контингент 365 760 адамды құрайды. Соңғы 6 айда вакцинаның I компонентін алғандардың саны 2,4 есе төмендеп отыр. Ал II компонентін салдырғандар саны 3,1 есе азайған. Ал ревакцинация алуға жататын адамдар саны - 250 601. Бірақ, соңғы жарты жылда ревакцинация көрсеткіші 1,1 есе төмендеді. Қазір инфекциялық стационарда ем алып жатқан науқастардың 80 пайызы - вакцина алмағандар. Сондықтан олардың арасында ауру жұқтыру көрсеткіші жоғарылап тұр ,-деді Асхан Байдуалиев.

Эпидахуалмен танысқан облыс әкімі тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның қауіпі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтуды тапсырды.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы