Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалдың себебін түсіндірді
Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев резонанс тудырған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев резонанс тудырған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, 21 қаңтарда орын алған жағдай жеке немесе тұрмыстық жанжалға байланысты емес, кадр саясатына заңсыз араласу әрекетін тоқтатуға байланысты болған.
Сәпиевтің сөзінше, өңірдегі спорт ұйымдарының басшылығына қатысты заңсыз ротация жасауға ұмтылған белгілі бір топтар болған. Аталған әрекеттерге оның орынбасары да қатысқанын атап өтті.
Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес.
Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді, – деді Серік Сәпиев.
Ол көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, аймақтағы спортты басқару жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастыратынын жеткізді.
Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды, – деп мәлімдеді ол.
Бұған дейін полиция соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Алайда оқиғаның мән-жайы мен себептері жария етілмеген еді.
Олимпиада чемпионы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысқан төбелестің видеосы желіде тарады.
23 қаңтар, жұма күні Сәпиев Instagram-дағы парақшасында рингтен тыс күш қолданбайтынын айтып, орынбасары Даурен Есімхановпен болған жанжалға қатысты пікір білдіріп еді.