Сергей Жалыбин: Конституциядағы түзетулер депутаттардың пәрменімен өзгеріп келді
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қостанайда қысы-жазы жел өтінде жүріп, нәпақасын жер анадан тауып отырған диқандар қауымы референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдерімен кездесті.
Жиын барысында Қостанай облысы бойынша референдумды қолдау штабының төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламентінің экс-депутаты Сергей Жалыбин референдумның мемлекетіміз үшін маңызы мен Коституцияға енгізілетін өзгерістердің жай-жапсарын жіліктеп отырып түсіндіріп берді.
Осы уақытқа дейін біздің Конституциямыз төрт рет өзгерді. Өкініштісі сол, осы өзгерістердің барлығы 1995 жылы қабылданған Республикалық референдум туралы заңды айналып өтіп, Парламенттегі депутаттардың пәрменімен қолданысқа енді. Осы жіберілген олқылықтардың салдарынан қыстағы Қасіретті қаңтар оқиғасын бастан өткердік. Сонда ғана барып халық мүддесіне құлақ асатын мемлкет керек екенін түсіндік, – дейді Сергей Жалыбин.
Қара жерден маңдай терімен нәпақасын тауып отырған диқандар үшін қолданыстағы Конституцияның ең маңызды тармақтарының бірінде жер, оның қойнауы мемлекет меншігінде деп жазылған. Енді Ата заңдағы бұл бап өзгеріске ұшырап, оның иесі қазақ жерін мекендеп жатқан халық екені тайға таңба басқандай көрсетіліп, заңмен бікітілмек.
Менің ойымша, Ата заңға енгелі отырған келесі маңызды өзгерістің бірі – Президенттің осыдан былай қандайда бір партияның сойылын соғып, шашбауын көтермеуі туралы айтылған ұсыныс. Дамыған өркениетті елдерге тән Президент елдегі саяси парияларға теңдей мүмкіндік беруі керек. Партиялар Президент пәрменіне қарамай, бір-бірімен айқын бәсекеге түсуі керек. Ұсынылып отырған түзету осыны көздейді, - деп түсіндірді Сергей Михайлович.
Жиналыста айтылған өзекті сауалдардың қатарында Тұңғыш Президенттің өкілеттігі туралы норма да жойылуы туралы болды. Жасыратыны жоқ, қазір бұл - қоғамдағы даулы мәселелердің бірі.
Қарап отырсаңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірінші басшы болып елді 30 жыл басқарды. Қазір экс-Президенттің өзіне жеке дара берілген атақ пен даңқты бір кездері үзеңгілес жүрген әріптестері Парламент арқылы мақұлдатып, заң ретінде бекітіп берді. Енді бұлардың барлығы Ата заңнан алынып тасталды. Мұның қаншалықты орынды екенін уақыт көрсетеді, – деп түйіндеді Сергей Жалыбин.
Осы орайда еске сала кетсек, 2022 жылдың 5 маусымында өтетін республикалық референдум әрбір Қазақстан азаматы үшін аса маңызды. Сіз осы таңдауыңыз арқылы келешек еліміздің бағыт бағдарын айқындайсыз.