Қазақстанда талантты режиссерлер көп – Сергей Бодров

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі кино түсіру жағдайы өзгеше. Үлкен экрандағы кино түсіру көп қаражатты талап етеді. Бұл туралы танымал кинорежиссер Сергей Бодров Алматыда өтіп жатқан XVI Еуразия медиа форумы кезінде айтты. 

Оның айтуынша, қазіргі кино түсіру жағдайы бұрынғыдан өзгеше. 

“Кеңес үкіметі тұсында кино өндірісін мемлекет қаржыландырып отырды. Біз қаражат қайдан келеді дегенге бас ауыртпадық. Шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болды, әрі жақсы фильмдер өмірге келді. Қазіргі жағдай өзгеше. Үлкен экрандағы кино түсіру көп қаражатты талап етеді. Саған қолдау көрсететін серіктестерің болу қажет. Яғни, сенімен бірге кез келген саяхатқа шығуға дайын серіктерің болу қажет”, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол “Моңғол” фильмін түсіру кезінде үлкен тәжірибе жинағанын айтты. Шыңғыс ханды Азия және Батыс елдері қалай қабылдайтыны қызық болды. Бұған дейін кейбірі оған жағымды кейіпкер ретінде қараса, тағы бірі зұлым ретінде қарады. Қазір оған деген көзқарас көп өзгерді. Бұл жобаға Қазақстан, АҚШ, Моңғолия және тағы басқа елдердің продюсерлері қатысты. Олардың барлығын артыңнан ертіп апару үшін қызықтыра білу қажет. Түсірілім барысында қаражат жетпей қалды, кейін оны тауып, киноны түсіріп бітірдік. Киноны түсіріп қана қоймай, әрі қарай тарату, насихаттау сияқты жұмыстарды, қазіргі әлемдік кино кеңістігінде атқарылатын жұмыстарды жүргіздік”, - деді режиссер.

Сөз арасында ол қазіргі кинолардың көбі ақша табу тұрғысынан түсірілетінін айтты. 

“Мен өзіме ұнаған, жетік білетін тақырыпты қозғауға тырысамын. Нәтижесінде ол көпшіліктің көңілінен шығып жатады. Мәселен, Тимур Бекмамбетовтың киноларының барлығы кассалық фильмдер, жақсы сатылады, жақсы жарнамалай біледі. Ол соған бейімделе білді, бұл қазіргі өмір талабы”, - деді ол. 

Кинорежиссер қазір Колошников картинасымен жұмыс істеп жатқанын, түсірілім барысында Қазақстан жайлы сюжеттер болатынын жеткізді. 

Сөз арасынада ол Қазақстан кино өндірісінің даму барысы жайлы айтып өтті. 

“Қазақстанда талантты режиссерлер, сценаристер, тіптен мықты каскадерлер бар. Сондықтан кино түсірудегі әлеуеті зор. Бізге бірігіп жұмыс істеген дұрыс”, - деді Бодров.

Айта кетейік, Алматыда XVI Еуразия медиа форумы басталды. Осымен XVI рет өтіп отырған форум биыл Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбымен делегаттардың басын қосты. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы