Сергектің мүмкіндігі артты: Жүргізушілер нені ескеруі қажет?

Алматыда Sergek интеллектуалды жүйесі жаяу жүргіншілер өткелдерінде жол бермейтін жүргізушілерді тіркейтін болады. Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі көлік жүргізушілерінің бұл жаңалыққа көзқарасын біліп қайтты. 

Биыл жол апатынан 556 жаяу жүргінші қаза тапты, оның 478-і жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Аталған деректерді азайту үшін тәртіп сақшылары Sergek интеллектуалды жүйесіне жаңа ережелердің енгізілгенін хабарлады. Енді жаяу жүргіншілер өткелдерінде адамдарды елемейтін жүргізушілер бейнекамераға түседі. 

Осы ретте алматылық көлік жүргізушілерінің пікірін сұрап көрген едік. Олардың айтуынша, бұл өзгерістен кейін кептеліс көбеюі мүмкін. 

Әрине, жол апатында адамдардың қазасын болдырмау үшін жақсы шаралар қолданған дұрыс. Дегенмен бұл жолы тым артық кеткен секілді. Себебі кейбір адам асықпай, әдейі күт дегендей жүріп алады. Ал әрбір адамды жаяу жүргіншілер өткелінен өткізіп тұрсақ, көлік кептелісі туындайды. Бұндай сәтте жолаушылар жауапкершілікке тартылуы керек. Өйткені кейбір кездері қайдан келгені белгісіз адамдар жүгіріп шығып, тезірек өтіп кетуге асығады. Кейде адамдар асыққан көлікті өткізіп жібереді, бұндай сәтте жүргізушілер кінәлі боламыз ба? Ал жылдамдықпен келе жатқан көлік адамды байқамай қалуы мүмкін. Сол себептен мұндай шешімді қабылдарда көлік жүргізушілердің талабына құлақ асу керек еді, – дейді Ержан есімді көлік жүргізушісі. 

Осы ретте бір айта кетерлігі, егер автокөлік жаяу жүргіншіден кейін жүрсе, бұл жол жүру ережелерін бұзу болып саналмайды. Ал егер жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермесе және тоқтамаса, оған айыппұл салынады. Егер жаяу жүргінші де, көлік құралы да бір қиылысу аймағында болса, бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып тіркеледі.

Дегенмен бұл жаңалыққа тұрғындар дән риза. Олардың айтуынша, тәртіп бұзатын жүргізушілер жауапқа тартылатын болады.

Меніңше, осының арқасында көлік жүргізушілері адамдарға құрмет көрсете бастайды. Әйтпесе, жаяу жүргіншілер өткелінде өте алмай, қалбалақтап қалатын едік. Енді осының арқасында жолда жүру жеңілдейтін болды. Тәртіпсіз жүргізушілер жауапқа тартылатын болды, – дейді Шұғыла есімді қала тұрғыны.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы