"Сергек" камерасына оқ атқан адам айыппұлмен жазаланды

Жамбыл облысы Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қазақстандыққа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы желтоқсанда «Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» автожолында ер адам пневматикалық мылтықтан оқ атып, жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін «Сергек» камерасын әдейі бүлдірген. Соның салдарынан жабдық иесіне материалдық шығын келтірілген.

Сот отырысында құқықбұзушы кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды ішінара өтегенін мәлімдеді. Алайда жәбірленуші тарап өтемақының толық көлемде төленбегенін көрсетті.

Ер адамның кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, полиция материалдарымен, жәбірленушінің жазбаша өтінішімен және құқықбұзушының өз айғақтарымен дәлелденді. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде кінәні мойындауды таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес 50 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көзделген. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, 196 мың теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада "Сергек" камераларының жұмысы тоқтаған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы