Сербиядағы наразылықтар кезінде 42 полиция қызметкері жараланды

Сербияда өткен жаппай наразылықтар кезінде кемінде 42 полиция қызметкері жарақат алды. Оның 26-сы – Белградта. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Ивица Дачич мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл алдын ала мәліметтер. Бірнеше адамның жарақаты ауыр, – деді министр.

Қазіргі таңда 37 адам ұсталып, құқық қорғау органдары тәртіп бұзушыларды анықтау және ұстау шараларын жалғастыруда.

Дачичтің айтуынша, Белградтағы жағдай қазір тұрақталғанымен, елдің басқа өңірлерінде Сербия Прогрессивті партиясы (SPP) кеңселеріне және полиция қызметкерлеріне шабуылдар жалғасып жатыр.

Сербия президенті Александр Вучич 14 тамызда наразылық акциялары кезінде SPP кеңсесі талқандалғанын мәлімдеді. Ол мемлекет заңсыз әрекеттерге жол бермей, тәртіпті қалпына келтіреді деп сендірді.

Сол күні Әскери қауіпсіздік агенттігінің басшысы генерал-полковник Джуро Йованич тәртіпсіздіктерден жеті әскери қызметкер зардап шеккенін, төртеуінің жарақаты ауыр екенін айтты.

Үкіметке қарсы толқулар 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының құлауынан 15 адамның қаза табуынан кейін басталды. Осы оқиғадан соң наразылық білдірушілер елдегі көпірлер мен жолдарды жапты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: REUTERS/Djordje Kojadinovic
Өзгелердің жаңалығы