Сербиядағы наразылық кезінде 13 полиция қызметкері жараланды
Сербияның Нови-Сад қаласында өткен үкіметке қарсы акция барысында 13 полиция қызметкері жарақат алды, 42 адам ұсталды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Ивица Дачич мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Novosti басылымына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, наразылық кезінде демонстранттар полицияға таяқ, тас, пиротехника және бояу лақтырған. Кейбіреулері беттерін дулыға мен маскамен жасырған. Оқиға кезінде 18 полиция көлігі бүлініп, бір табельдік қару тартып алынған.
Бұған дейін шерушілер Нови-Сад университетінің философия факультеті ғимараты маңында полицияға тас пен бөтелке лақтырған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ қолданды.
Сербияда наразылықтар 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад теміржол вокзалының төбесі құлап, 15 адамның қаза табуынан кейін басталған. Содан бері елдің түрлі қалаларында үкіметке қарсы шерулер жалғасып келеді.