Сербияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп жатыр
Сайлау нәтижесі Сербияның бұрынғы президенті Александр Вучичтің үкімет басшысы болып, билігін сақтап қалу мүмкіндігін айқындайды.
Сербияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп жатыр. Оның нәтижесі елдің бұрынғы президенті Александр Вучичтің саяси болашағына әсер етуі мүмкін. Ресми мәліметтерге сәйкес, елде шамамен 6,4 миллион сайлаушы бар. Олар Халықтық скупщинаға (жоғарғы заң шығарушы және өкілді орган) 250 депутатты сайлайды.
DW басылымының жазуынша, сауалнамалар Вучич жетекшілік ететін билеуші Сербия прогрессивті партиясы мен жаңадан құрылған студенттер қозғалығы ұсынған «Студенттер жеңіске жетеді» атты тізім арасында тартысты бәсеке болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Сайлау нәтижесі Вучичтің биліктегі ықпалын сақтап қалу мүмкіндігін анықтайды. 56 жастағы саясаткер 2012 жылдан бері түрлі мемлекеттік қызметтер атқарып, елдің саяси бағытын айқындап келеді. Оның сыншылары Вучичті сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар деген айыптауларға қатысы бар деп сынайды.
Қыркүйек айының соңында Вучич өз партиясы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда үкіметті басқару үшін президенттік қызметтен кететінін мәлімдеген. Оның президент ретіндегі екінші мерзімі келесі жылдың мамыр айында аяқталуға тиіс еді. Заң бойынша ол үшінші мерзімге қайта сайлана алмайтын болатын.
Вучичке қарсы шыққан студенттер қозғалысы 2024 жылғы қарашада Сербияның Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалында кіреберіс қалқаның опырылып құлауынан кейін басталған наразылықтар аясында қалыптасты. Қайғылы оқиғадан 16 адам қаза тапты. Билікті сынаушылар бұл апатқа Вучич үкіметінің сыбайлас жемқорлық пен салғырттыққа жол беруі себеп болғанын алға тартты.
Сайлау сайлаушыларды қорқыту және билікке қарсы күштерге қысым көрсету туралы айыптаулар аясында, шиеленісті жағдайда өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелері сағат 20:00-де жабылады. Дауыс беру қорытындысының алғашқы ішінара нәтижелері кешке қарай жарияланады деп күтілуде.
Вучичтің анасына шабуыл жасалғаны хабарланды
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп жатқан күні Белград қаласында Александр Вучичтің анасына шабуыл жасалған.
Биліктегі Сербия прогрессивті партиясының мәліметінше, бірнеше жас жігіт Ангелина Вучичті итеріп, оған айқайлаған және базардан көтеріп келе жатқан азық-түлік салынған пакеттерін жыртып жіберген.
Саясаткердің анасы полицияға жүгінген. Ал билеуші партия оқиғаны тергеуді және кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етті.