"Сенімге селкеу түсті": Жәбірленушілер Перизат Қайрат пен анасына қатысты үкімді қолдады
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты атышулы істің сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі тыңдалымда жәбірленушілер мен олардың өкілдері сөз сөйлеп, айыпталушыларға қатысты жазаның әділдігі туралы өз пікірін білдірді.
Жәбірленуші Антон Ким прокурорлар сұрап отырған бас бостандығынан айыру жазасын толық қолдайтынын айтып, алайда соттан Ғайни Алашбаеваның жасына және денсаулығына назар аударуды сұрады.
Соттан бір ғана өтінішім бар – Алашбаева ханымның жасы мен денсаулығын ескерсе екен. Ол – егде жастағы адам, – деді ол.
Антон Ким өзінің бұл процестегі қатысуын тек жеке шығынмен емес, қоғамның қайырымдылық қорларына деген сенімі тапталғанымен байланыстырды.
Мәселенің мәні анық: қайырымдылық пен көмекке арналған қаржы жеке мақсатта жұмсалған. Бұл – тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның сеніміне жасалған қиянат. Мұндай әрекеттер мемлекеттің, ҮЕҰ-лардың қоғаммен арадағы көпірін үзіп жібереді, – деді жәбірленуші.
Ол мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың сенім қалыптастыру үшін жасап жатқан шынайы реформаларына мұндай жағдайлар кері әсер ететінін атап өтті:
Әлеуметтік жағдайды жақсартуға, зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Бірақ осындай оқиғалардан кейін бәрі жоққа шығарылғандай болады, – деді ол.
Тағы бір жәбірленуші Әлижан Болатұлы да сотқа өз уәжін айтты.
Біз өз қорымыздың атынан 'BizBirgemiz' қорына 500 мың теңге аудардық. Айыптаушылардың кінәсі сот процесінде толық дәлелденді деп есептеймін және прокурорлар ұсынып отырған жазаға толықтай келісемін. Себебі су тасқыны кезінде тез көмек керек болған. Бірақ ол ақша жеке мүдде үшін жұмсалып кеткен. Бұл – моральдық тұрғыда ауыр соққы, – деді ол.
Бұған дейін осы іс бойынша жәбірленуші Олжас Садық та сөз сөйлеп, Газа секторына көмек ретінде 83 млн теңге аударғанын, бірақ ол қаражаттың нақты қайда жұмсалғаны туралы есеп ала алмағанын айтқан еді. Ол да айыптауды қолдайтынын білдіріп, Ғайни Алашбаеваны үй қамақта қалдыруды ұсынып, оның жасын ескеруді сұраған.
Сот отырысы жалғасып жатыр. Айта кетейік, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қайырымдылық атын жамылып ірі көлемде қаражат жымқырды деген айып тағылып отыр.
Осыған дейінгі сот отырыстарында зардап шеккендердің қатарында қайырымдылық қорларының өкілдері, кәсіпкерлер, педагогтер мен жұмыссыз азаматтар бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.
Астанада өткен 23 шілдедегі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.