Қазақстан елшісі Қырғызстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 қыркүйекте Қазақстанның Елшісі Қайрат Нұрпейісов Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Рәсім барысында Қырғызстан президенті елшіні дипломатиялық қызметінің басталуымен құттықтай отырып, аталған мәртебе елдеріміз арасындағы бауырластық, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Қырғызстанның Мемлекет басшысы Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің елдеріміз арасындағы бауырластық және одақтастық қатынастарды әрқашан қолдайтынын атап өтті. Елбасының әртүрлі халықаралық іс-шаралар шеңберінде өткен жеке кездесулердегі лебіздері осының куәсі екенін жеткізді. Ол, сондай-ақ Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы ұстанған бағытты жалғастырғаны үшін қанағаттанушылық пен ризашылық білдірді. 


Тараптар екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты достық байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті, сондай-ақ алда болатын жоғары деңгейдегі сапарға дайындық мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Қ.Нұрпейісов жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіре отырып, Қазақстандағы жаңғыру бағдарламалары шеңберінде болып жатқан экономикалық және саяси өзгерістер туралы ақпарат берді, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері туралы айтты. 


Кездесу соңында президент Сооронбай Жээнбеков ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі лебіздерін жеткізуді сұрады, оған қоса жаңа елшіге қазақстандық-қырғыз қарым-қатынастарын одан әрі нығайту жолында зор табыстар тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы