Сенім дипломатиясы және түркі бірлігі: Тоқаевтың бейбітшілік миссиясы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына арналған форумға, сондай-ақ Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға қатысуы елдің жаһандық және түркілік күн тәртібіндегі орнын айқын көрсетті. Қазақстанның көпвекторлы саясаты, диалог пен тұрақтылыққа негізделген ұстанымы бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда ерекше мәнге ие. Осы орайда біз Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен сұхбаттасып, Президент Тоқаевтың бейбітшілік пен сенімді нығайтуға бағытталған бастамаларының халықаралық маңызы, түркі ынтымақтастығын кеңейтудегі рөлі және өңірлік үйлестіруге қосып отырған үлесі жөнінде пікірін сұрадық.
- Қазақстанның белсенді сыртқы саяси ұстанымын ескерсек, Президент Қ.Тоқаевтың Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына арналған форумға қатысуының маңызы қандай?
- Президент Тоқаевтың бұл форумға қатысуы – Қазақстанның жаһандық бейбітшілік күн тәртібіне жүйелі үлес қосып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Бұл қадам тек Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің үнін халықаралық деңгейде танытып, сенім мен диалог мәдениетін нығайтуға серпін береді.
Қазақстанның әлемдік геосаяси картада ең негізгі рөлді ойнап, сонымен бірге саяси атмосфераның климатын қалыптастырған күшті мемлекеттердің қатарына қосылып бара жатқаны саяси шындық. Еуразияның қақ жүрегінде алтын көпір миссиясын атқарып тұрған мемлекет ретінде, бұл тек географиялық қана емес, Қазақсанның әлемдік тыныштықты сақтауда халықаралық аренада үлкен күшке ие екендігінің тарихи айғағы! Бұл бағытта Тоқаев тәжірибелі дипломат, тісқаққан стратег ретінде сенім доктринасын жүргізіп келе жатыр. Әлемдік өзара түсіністік архитектурасын жасауда Қазақстан басты рөлде ойнайды және оның әсері өте күшті.
- Президент Тоқаевтың бұл іс-шараға қатысуы Қазақстанның халықаралық істердегі жауапты әрі бейтарап әріптес ретіндегі имиджін қалай нығайтады?
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға белсенді қатысуы Қазақстанның теңгерімді, көпвекторлы саясат ұстанатынының айқын көрінісі. Бұл елдің халықаралық сенімге құрылған, жауапкершілігі жоғары әріптес ретіндегі имиджін нығайтып, аймақтағы тұрақтандырушы рөлін күшейтеді.
Қазақстан барған сайын әлемнің саяси және рухани мегаполисіне айналуда.
- Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға Қазақстан басшысының қатысуының символизмі неде?
- Президент Тоқаевтың Ашхабадтағы мерейтойлық жиынға қатысуы – Түрікменстанның бейтараптық дәстүріне құрметпен қатар, бүкіл Түркістан (Орта Азия) мен түркі елдері арасындағы достық пен өзара сенімнің биік үлгісі. Бұл – бауырлас елдердің ортақ тарихи және мәдени тамырын терең сезінетінін білдіретін маңызды символдық қадам.
- Диалог пен тұрақтылықты ілгерілетуге бағытталған Президент Тоқаевтың саясаты қаншалықты жүйелі және бірізді?
- Тоқаев ұсынған бастамалардың ерекшелігі – олардың бір реттік емес, ұзақ мерзімді, нақты тетіктерге сүйенетін жүйелі сипатында. Мемлекет басшысы халықаралық мінберлерде де, аймақтық форматтарда да өзара сенім мен дипломатиялық шешімдерге негізделген тұрақты саясат жүргізіп келеді.
- Бейбітшілік, сенім және тұрақты даму мәселелері бойынша ОТГ елдерінің ортақ ұстанымын қалыптастыруда Қазақстанның, атап айтқанда Тоқаевтың рөлі қаншалықты маңызды?
- Қазақстан бұл бағытта интеграциялық бастамалардың қозғаушы күші болып отыр, ал Президент Тоқаевтың үндеулері ОТГ (ТМҰ – түркі мемлекеттері ұйымы) елдерінің ортақ көзқарасын қалыптастыруға серпін берді. Әсіресе, тұрақтылық, даму және мәдени байланыстарды күшейту мәселелерінде Қазақстанның тәжірибесі күллі түркі кеңістігі үшін маңызды бағдарға айналып келеді.
- Тоқаевтың түркі мемлекеттерінің және Ресейдің басшыларымен кездесуі өңірлік үйлестіру мен өзара іс-қимылға қалай әсер етуі мүмкін?
- Бұл кездесулер аймақтық тұрақтылық пен экономикалық байланыстарды үйлестіруге жаңа мүмкіндіктер ашады. Тарихи, мәдени және стратегиялық тұрғыдан өзара тәуелді мемлекеттер үшін мұндай диалог – шешім қабылдаудағы сенімділік пен іс-қимыл тиімділігін арттырады.
- Осындай жоғары деңгейдегі форумға қатысудан кейін түркі ынтымақтастығын кеңейту тұрғысынан Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?
- Қазақстан үшін мәдени-гуманитарлық жобаларды тереңдетуге, түркі әлеміндегі экономикалық кеңістікті кеңейтуге және жаңа көпжақты бастамаларды іске қосуға жол ашылады. Мұндай форумдар елдің жетекші интеграциялық рөлін нығайтып, түркі әлемінің болашағына ортақ жауапкершілікті арттыра түседі.
- Халықаралық аренада Президент Тоқаев ұсынған бейбітшілік пен сенімді нығайтуға қатысты қай бастамалар ең өзекті және маңызды деп санайсыз?
- Ең маңыздысы – сенім шараларын күшейтуге бағытталған үндеулері мен жаһандық жанжалдарды дипломатиялық жолмен шешу жөніндегі ұсыныстары. Бұл бастамалар бүгінгі күрделі халықаралық жағдайларда практикалық әрі сындарлы шешімдер ұсынады және кең қолдау тауып отыр.
- Ғаламдық қауіпсіздік пен мемлекетаралық диалогты күшейту жөніндегі Тоқаевтың ұсыныстары халықаралық қауымдастықта қаншалықты қолдау табуда? Бұл бағытта қандай мәселелер негізгі болып тұр?
- Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы ретінде Тоқаевтың бастамалары халықаралық ұйымдар тарапынан үнемі оң қабылданып келе жатқанын айта аламын, себебі бұл бастамалар шиеленістерді бәсеңдетуге бағытталған нақты құралдар ұсынады. Әлі де басты мәселе – мемлекеттердің сенім деңгейін арттыру және жаңа қауіпсіздік механизмдерін бірлесе қалыптастыру, бұл жолда Қазақстанның тәжірибесі өте өзекті әрі маңызды деп білемін. Тоқаевтың бейбітшілікке үндейтін сындарлы саясаты түркі әлеміне ғана емес, күллі адамзатқа үлгі боларлық құбылыс.
- Әңгімеңізге рахмет!