Сенегалдан Еуропаға жолға шыққан 175 мигрант хабар-ошарсыз кетті
Мигранттар мінген ағаш қайықпен байланыс екі апта бұрын үзілген. Олар 9–10 қарашада Сенегалдан Еуропаға бет алған.
Сенегалдан Еуропаға қайықпен шыққан шамамен 175 мигрант Атлант мұхитында жоғалып кеткен. Олар мінген кемемен байланыс екі апта бұрын үзілген. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Сенегал шенеуніктері мен құқық қорғаушылардың мәліметінше, адамдар мінген ағаш қайық шамамен 9–10 қарашада Дакар қаласының порт маңындағы шетінен жолға шыққан. Содан бері мигранттармен байланыс орнату мүмкін болмаған.
Сенегалдың «Адам құқықтары мен достық жолындағы іс-қимыл» үкіметтік емес ұйымы іздеу-құтқару жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Сенегал Әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, қараша айының басынан бері мұхит арқылы жақсы өмір іздеп, қауіпті сапарға шықпақ болған 5 200-ден астам мигрант құтқарылған немесе кері қайтарылған.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің дерегіне сәйкес, осы айда Батыс Африкадан Еуропаға бағыт алған шекарадан өтушілер саны күрт артқан. Ал «Walking Borders» құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, биылғы жылдың алғашқы бес айында 635 адам қаза тапқан.