Сенбі күні қоғамдық көліктер тоқтатылмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының аумағында 14 қыркүйектен бастап 28 қыркүйекке дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылды. Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантиндік шектеу шараларына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Жаңа қаулыдағы негізгі өзгерістер ретін атап өтсек. SPA орталықтары, әсемдік салондар, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер жұмысы таңғы сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін ұзартылды. Ал қоғамдық көлік қозғалысына жұмыс күндерімен қоса сенбі күні де 07:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта жүруіне рұқсат берілді. Жексенбі күні қоғамдық көліктің қызметіне тыйым салынған. 

Жалпы Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастады. Соңғы тәуліктерде коронавирус жағдайы тіркелмеген. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбішевтің айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша 400 төсек-орын (инфекциялық төсек – 305, провизорлық – 95) бар. Оның ішінде бос төсек-орын – 335, пайызға шаққанда бос төсек-орын 85%-ды құрайды. Ал жүктеменің төмендеуіне байланысты жұмыс істеп тұрған мобильді бригадалардың саны 211-ден 123-ке дейін төмендеді.

Жалпы карантиндік шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуалға байланысты өзгеріп отырады. Қала тұрғындары мұны дұрыс түсінуі тиіс. Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына да жоспарлы карантиндік шектеу шаралары және дезинфекциялық жұмыстардың жүйелі атқарылуы бірден-бір себеп. Дегенмен қала тұрғындары әлі де сақтық шараларын ұмытпаса дейміз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы