Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі белгіленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат бюросының отырысы барысында ел Президентнің ҚР Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтен босату туралы ұсынымы, сондай-ақ Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын комитеттер арасында бөлу, Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар қаралды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Жоғарғы палатаның негізгі мақсаты Мемлекет басшысының жаңғырту жөніндегі алға қойған міндеттерін заңнамалық тұрғыдан шұғыл әрі тиімді қамтамасыз ету екенін еске салды. Соған орай Сенаттың жұмыс жоспары шеңберінде алдағы кезеңге арналған бірқатар басым бағыттар белгіленді. Олардың қатарында ауылдарды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, қоғамда ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеу және басқа да бағыттар бар.
Жоспарда көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру үшін Парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Парламент Мәжілісімен және Үкіметпен бірлесіп, заңдарға уақтылы өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысымызды жалғастыра береміз. Осы және басқа да көптеген мәселелердің оң шешімі халқымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметтен босату туралы" ұсынысы күн тәртібіндегі бірінші мәселе болды. Президент ұсынған кандидатуралар бойынша қорытындылар дайындау Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне тапсырылды.
Қаржы және бюджет комитеті Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасымен айналысатын болды.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс жобасына қорытынды дайындау Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне тапсырылды. Осы комитетке сонымен қатар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы да берілді.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша түзетулер енгізу жұмыстарын бастайды.
Бюро отырысы барысында Парламент Сенатының 21 мамырда өтетін отырысының күн тәртібі белгіленді.
Онда Сенаторлар Жоғарғы Соттың судьяларын қызметтен босату туралы, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын, сондай-ақ, "Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын қарауды жоспарлап отыр, - делінген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі тартқан ақпаратта.