Сенатта қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесі қаралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Онда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасын және оған қатысты өзге де заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер қаралды. Сенаторлар сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу мен қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.
Кодексті бекітудегі негізгі мақсат – азаматтардың басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне шынайы қатысуына мүмкіндік беретін кепілдемелерді бекіту, билік органдарымен дау-дамай туындаған жағдайда және оны қарау кезінде азаматтардың құқығын қорғаудың тиімді тетіктерін айқындау болып отыр.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау еліміздің өзге де заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Осы себепті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес 75 заңға, оның ішінде 10 кодекске түзетулер енгізілетін болады.
Сенаторлар сонымен қатар Парламент депутаттары бастамашы болған атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесін қарады.
Заң жобасының негізгі мақсаттарының бірі – жала жабу бабын декриминализациялау болып табылады. Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау туралы шешімнің қабылдануына бастамашы болғаны белгілі.
Аталған заң жобасы азаматтар мен заңды тұлғалардың атқарушылық өндіріс кезіндегі құқығын қорғауды және іске асыруды, мүліктік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік заңнаманы жетілдіруге ықпал етеді.
Заң жобаларын қарау нәтижесінде комитет төрағасы Владимир Волков олардың қабылдануы сот орындаушылары қызметінің қарқынды дамуын қамтамасыз ететінін, мәжбүрлі орындаудың және конституциялық сөз бостандығының іске асырылу тиімділігін арттыратынын, бұл өз кезегінде еліміздегі демократиялық процестердің дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Заң жобалары Палата отырысына жолданды.