Сенатта жаңа заң жобасы ұсынылды

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Ләззат Рысбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Заң жобасының мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау. Заң жобасына сәйкес комиссия департаменттерінің директорларымен және олардың орынбасарларымен еңбек шарттары комиссия алқасының жұмыс мерзімінен аспайтын мерзімге жасалатын болады. Норманың қолданыстағы редакциясында 4 жылдық мерзім беріледі. Комиссия қызметкерлері үшін хаттама шеңберінде аттестаттау нәтижелерін ескере отырып, тиісті құрылымдық бөлімшенің қызметіне жетекшілік ететін комиссия алқасы мүшесінің ұсынуы бойынша комиссия алқасының төрағасы оларды ұзарту мүмкіндігімен 5 жылдық мерзім белгілейді, - деп атап өтті комитет мүшесі. 

Айтуынша, комиссия департаменттерін қызметкерлер конкурстық негізде жасақтайды.

Егер мұндай іріктеу қажеттілігі мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, мүше мемлекетте өткізілген біліктілік іріктеу нәтижелерін есепке алу көзделетін болады. Хаттама шеңберінде ол күшіне енгенге дейін еңбек шарттары жасалған комиссия департаменттерінің директорлары мен олардың орынбасарлары өздерінің еңбек шарттарында көзделген мерзім аяқталғанға дейін өздеріне жүктелген міндеттерді орындауды жалғастырады. Хаттамаға сәйкес комиссия қызметкерлерінің мерзімді еңбек шарты талаптарымен жұмысқа ауысуына байланысты іс-шаралар осы хаттама күшіне енген күннен бастап 6 ай ішінде жүзеге асырылады. Сенаттың тұрақты комитеттерінде осы заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар жоқ, - деді Ләззат Рысбекова. 

Еске сала кетейік, Сенаттың бүгінгі отырысында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдау ұсынылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы