Сенатта ұлттық спорт түрлерін дамыту келешегі талқыланды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары туризм және спорт министрлігінің басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге қатысушылар ұлттық спорт түрлерін дамыту мен саладағы өзекті мәселелерді қарады және оларды заңнамалық деңгейде жедел шешу жолдарын талқылады.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп соңғы жылдары елімізде ұлттық спорттың танымалдылығының тұрақты өсу үрдісі байқалып отырғанын, сонымен бірге мемлекеттің ұлттық спорт түрлерін қолдаудағы рөлі де айтарлықтай артып келе жатқанын атап өтті.

Елімізде ұлттық спортты дамыту – аса маңызды әрі өзекті мәселе. Берілген ресми мәртебесі мен әлеуметтік маңызы жоғары болса да, ұлттық спорт әлі күнге дейін қоғам мен жас ұрпақтың өмір салтының ажырамас бөлігі бола алмай келеді. Сонымен қатар, бұл салада өз шешімін талап ететін елеулі проблемалар да бар, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі кездесу кезінде елімізде 11 ұлттық спорт түрі ресми тіркелгенін, ал олармен жүйелі түрде айналысатын спортшылардың саны секцияларда дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың жалпы санының 8,7%-ын құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар, елімізде жыл сайын спорт түрлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген халықаралық деңгейден ауылдық деңгейге дейінгі мыңнан астам жарыс өткізіледі. Биыл халықаралық жарыстардан ұлттық құрама мүшелері 10 алтын, 13 күміс, 20 қола медаль жеңіп алды.

Шараға сонымен қатар ұлттық спорт түрлері қауымдастығының, қалалық және облыстық мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы