Сенатта отандық кинемотографияны дамыту мәселелері талқыланды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар отандық кинематографияны, мәдениет саласын және Қазақстанның мерекелерін одан әрі дамытуға қатысты заң жобасын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Заң жобасында отандық кинематографияны ынталандыру үшін Ұлттық кинокомиссия құру, шетелдік инвесторларды тарту, халықаралық кинобизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларда Қазақстан Республикасының киноиндустриясын көрсету көзделіп отыр.
Құжаттың мақсаты мемлекеттік қаржылық қолдауды жүзеге асыру, кинематографиялық қызмет субъектілерінің аясын кеңейту, ұлттық фильмдерді халықаралық ареналарда ілгерілету және ұлттық фильмдерді түсіруге бөлінетін қаржының: 70 пайызын - тарихи, патриоттық және имидждік, 30 пайызын - жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдер жобасын бірге қаржыландыруға бөлудің жаңа тәсілдерін айқындау үшін қажетті жағдайлар жасау.
Заң жобасында сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады, олар ұлттық мереке – 25 қазан Республика күнін және мемлекеттік мереке – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні болып белгіленген.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заң жобасын Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.