Сенатта мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы заң жобасы қаралатын болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Онда Палатаның алдағы отырысының күн тәртібі бекітілді.
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар 9 маусым бейсенбі күнгі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайтын болды. Құжатта жаңа қаржы өнімдерін енгізу, қызметтерді одан әрі цифрландыру, сондай-ақ тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру көзделіп отыр.
Сенаторлар сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарауды жоспарлап отыр. Соңғы құжат, атап айтқанда, мүгедектікті, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және төтенше жағдай кезеңінде мүгедектік мерзімін автоматты түрде ұзартуда медициналық-әлеуметтік сараптамадан сырттай өту мүмкіндігін беруді көздейді. Сенаторлардың айтуынша, заң жобасы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді.