Сенатта медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау туралы заң таныстырылды

Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжат халықты сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина маманының мәртебесі мен беделін арттыру, сондай-ақ медицина қызметкерлерін сақтандыру арқылы пациентке келген залалды кепілмен өтеу мақсатында әзірленген болатын.

Таныстырылым барысында денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пациент шағымдарының шамамен 30%-ы медициналық қызметтердің сапасына және 6%-ы келген зиянға байланысты екенін айтты. Бұл ретте жағдайлардың тек 0,2%-ы ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылады, ал медицина қызметкерлерінің 95%-дан астамы негізсіз қылмыстық тергеуге түседі. Бұл жоғары білікті кадрлардың шаршап-шалдығуы мен жұмыстан кетуіне әкеліп соғады.

Сонымен қатар медицина ұйымы медициналық қызметкерлерге кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөнінде ұсынылған үлгі бойынша сақтандырушы бола алатындығы туралы айтылды. Медициналық ұйымда салалық сарапшылар мен кәсіптік медицина қауымдастықтарын, сақтандыру компаниясы мен пациент өкілдерін, кәсіптік медиаторларды және өзге де сарапшыларды тарта отырып құрылған тәуелсіз комиссия шағымды медиация элементтерін қолдана отырып қарайтын болады.

Шараға Бас прокуратураның, ішкі істер, әділет, сауда және интеграция, қаржы, экономика министрліктерінің өкілдері және денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар қатысты.

Бұл заң Сенатта комитеттің жұмыс топтары мен отырыстарында талқыланып, кейіннен Палатаның қарауына ұсынылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы