Сенатта мәдениет саласын қолдаудың проблемалық мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен кездесті. 

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында отандық өнер мен әдебиетті қолдау мақсатында «Мәдениет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу талқылаудың негізгі мәселесі болды.

Еліміздің мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, министрлік комитеттерінің төрағалары мен кино қайраткерлері саладағы жағдай туралы сенаторларға жан-жақты айтып берді.

Елімізде мәдениет пен өнер саласын дамытуда бірқатар өзекті мәселелер бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Бұл ретте, біз егер өз еліміздің ұлттық құндылықтарын ілгерілету мен жаңғыртуды ұдайы қолға алып отырмасақ жастардың ұлттық сана-сезімнен алшақтап кету қаупі бар екенін айтқым келеді. Біз бүгін мәдениет саласындағы осы және басқа да өзекті мәселелер бойынша министрліктің алдағы жоспарлары мен жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы тыңдау үшін жиналып отырмыз, - деп атап өтті Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Бейбіт Исабаев.

Депутаттар кездесу барысында қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселелерді көтерді. Сенатор Нариман Төреғалиев министрліктің мәдениет қайраткерлерін қолдау жөніндегі жүргізіп жатқан жұмыстарын сынға алды.

Қолдауды неге тек конкурс өткізу сияқты түсінеміз? Менің ойымша, біз конкурстан тыс мәдениет қайраткерлерін қолдауға баса назар аударуымыз керек. Мысалы, біз неге республикалық өнер мектептеріне, ал қажет болған жағдайда халықаралық оқу орындарына гранттар бөлу, олардың жаңашылдығын арттыру, материалдық қолдау сияқты шараларды қарастырмаймыз?, - деді сенатор.

Талқылау барысында сондай-ақ спорт, кино, театр, мұрағат қызметі және сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне қатысты мәселелер де көтерілді.

Мәдениет саласында әлі көптеген шараларды қолға алуға тура келеді. Таяудағы парламенттік тыңдауда көтерілген маңызды мәселелердің бірі – мәдениет қайраткерлеріне материалдық қолдау көрсету, олардың шығармашылығына кеңінен қол жеткізу мүмкіндіктерін беру, оларды мемлекеттік идеологияның қозғаушы күшіне айналдыру болып белгіленді. Министрлік осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы қажет. Заңнамалық қолдау қажет болған жағдайда біз көмектесуге дайынбыз, - деді Бейбіт Исабаев. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы