Сенатта кезекті заң мақұлданды
«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Советбек Медебаев келісімнің мақсаты цифрлық ортада авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы халықаралық нормативтік-құқықтық базаны дамыту, осы салада құқықбұзушылықтардың алдын алу және жетілдіру екенін айтты. Елімізде осы салада заңсыз жұмыс жасап келген интернет-ресурстары да анықталған.
2020 жылы лицензиясыз бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқа да объектілерді тарататын 24 шетелдік интернет-ресурс, ал 2021 жылы 40 интернет-ресурс анықталып, бұғаттау үшін ақпараттық жүйеге енгізілген. Аталған келісім осы салада қажетті ақпараттармен және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасуға жол ашады, - деді сенатор.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес келісім ратификациялауға жатады. Осы келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.