Сенатта халықаралық су ағындарын әділ пайдалану туралы заң талқыланды
Сенатта халықаралық су ағындарын әділ пайдалану туралы заң талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды талқылады.
Заңның міндеті 1997 жылғы 21 мамырда Нью-Йоркте жасалған Халықаралық су ағынын кеме қатынасынан басқаша пайдалану құқығы туралы конвенцияны ратификациялау болып табылады. Конвенция әртүрлі мемлекеттерге тармақталған жер үсті және жер асты суларын әділ және тұрақты басқаруға жәрдемдесудің жаһандық құқықтық тетігін білдіреді. Конвенцияға сәйкес мемлекеттер халықаралық су ағынын өз аумағының аясында әділ және ақылға қонымды түрде пайдаланатын болады.
Мемлекет Конвенциясына сәйкес тұрақты негізде су ағыны мен сапасы және тиісті болжамдар туралы деректер мен ақпаратпен алмасуға, сондай-ақ жоспарланатын шаралардың халықаралық су ағынының жай-күйіне ықтимал салдары туралы бір-бірімен консультация өткізуге және келіссөз жасауға болады.
Сенаторлардың айтуынша, конвенцияны ратификациялау халықаралық су ағындарын пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді шешуге оң әсер етеді.
Комитет мүшелері талқылау нәтижелері бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.