Сенатта ғылымды дамыту келешегі талқыланды
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары ғылым қалаларын дамытуға арналған кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген ғылым қалаларын қалыптастыру және дамыту тұжырымдамасының жобасына Курчатов қаласын қосу мүмкіндігі басты назарда болды.
Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде тұжырымдама жобасында Алматы облысындағы "Алатау "ИТП" АЭА аясында қанатқақты алаң ретінде таңдалғанын атап өтті. Алайда, депутаттың айтуынша, мұндай жобаны жүзеге асыруда Курчатов қаласының ерекше артықшылығы бар.
Біздің комитет өткен жылдың соңында Курчатов қаласы мен Ұлттық ядролық орталықтың нысандарын аралады. Ядролық орталық Курчатов қаласында қала негізін құрайтын кәсіпорын болып табылады. Бүгінгі таңда Курчатов еліміздегі негізінен ғылыми ұйымдар шоғырланған жалғыз моноқала болып отыр, сонымен қатар ол бұрынғы сынақ полигоны аумағының әкімшілік орталығы қызметін атқарады. Ядролық орталықтың қызметімен таныса отырып, біз оның аумағында әлемде теңдесі жоқ көптеген ғылыми қондырғылардың орналасқандығына көз жеткіздік. Біздің ғалымдар басқа елдердегі –Франция, Жапония және Ресейдегі әріптестерімен қатар ядролық реактор жасаушылардың қатарында саналады. Ең бастысы, олар мұнда ғылымнан ақша табуды үйренді. Демек, басқаша айтқанда, әлемдік деңгейде ғылым да, мамандар да, жабдықтар да, коммерциялық пайда да бар, - деп атап өтті Андрей Лукин.
Парламентшілер сонымен қатар қаланың экономикалық белсенді халқының 25%-дан астамы ғылыммен айналысатынын, ал жұмыс істеп тұрған ғылыми кәсіпорындар пайда әкелетінін атап өтті.
Біздің комитет Курчатов қаласында өткен көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру туралы ұсынымдар мен депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ Үкіметтен "Ғылымды қажетсінетін аумақтар туралы" арнайы заңның қабылдануын қолдауды сұрады. Үкімет өз жауабында депутаттық сауалда көтерілген мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталып жатқанын хабарлады және қарау нәтижесі туралы депутаттарды қосымша хабардар етуге уәде берген болатын. Алайда, бүгінгі күнге дейін ешқандай қосымша ақпарат алған жоқпыз. Сондай-ақ қоғамда стратегиялық сипаттағы деп айтуға болатын, яғни ғылым қаласын таңдау мәселесі туралы жоспардың кеңінен талқылануы да байқалмады. Осыған байланысты, біз бүгін барлық тараптың ой-пікірін тыңдауға және Курчатов қаласында алғашқы жобаны іске асыру жөнінде тұжырымдама жобасына толықтырулар енгізу мүмкіндігін талқылау үшін мүдделі тараптарды шақырып отырмыз, - деді Андрей Лукин.
Қатысушылар отырыс қорытындысы бойынша алғашқы алаң ретінде Курчатов қаласын қосу үшін тұжырымдамаға толықтыру енгізу туралы Үкіметке ұсыным жіберу, сондай-ақ ғылымды қажетсінетін аумақтар туралы заң жобасын қарауды жеделдету туралы шешім қабылдады.