Сенатта энергия үнемдеу мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар назарына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалануға қатысты заң жобасы ұсынылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, заң жобасы «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы орындау мақсатында әзірленген. 

Сондай-ақ оның негізгі мақсаттарының бірі - 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын екі есеге төмендету, Президенттің 2021 жылғы 17 наурыздағы Алматы қаласының 2-Жылу энергия орталығын көмірден газға ауыстыруды қамтамасыз ету және Алматы қаласы мәслихаты мен әкімдігінің сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы құзыретін кеңейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру, - деді министр.

Заң жобасында 7 заң мен 2 кодекске түзетулер енгізіледі:

  • энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге;
  • отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалана отырып, генерациялайтын қондырғыларды салумен қоса жаңғыртуға, реконструкциялауға және кеңейтуге инвестицияларды қайтару тетігін енгізуге;
  • Алматы қаласының ерекшеліктерінен туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді жетілдіруге;
  • тақтатас мұнайын өндіруді дамытуға;
  • шекара бөлімшелері мен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін салу жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталған.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы,  энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы