Медиация институтын дамыту туралы заң ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын қарады.
Депутат Ләззат Сүлеймен заңға енетін өзгерістер туралы баяндады.
Оның айтуынша, бұл үрдістің қоғамдағы қайшылықтарды келісім, түсіністік арқылы еңсеруге де үлесі үлкен болады.Парламент депутаттарының бастамашылығымен ұсынылып отырған заң жобасының міндеттері - азаматтық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейту, азаматтардың сот шығыстарын барынша азайту, сондай-ақ халық арасында туындайтын дау, жанжалдарды сотқа жеткізбей, одан тыс реттеу.Қазір дауларды шешуде сот тәсілі үстем жағдайға ие, сот тараптар арасындағы келіспеушіліктің тереңдеуіне әкеледі, ал біз қаралып отырған дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу, медиация институты – екі тарапты да қанағаттандыратын келісімге әкеледі, осы салада қоғамның өзін-өзі реттеу механизмдерін жандандырады, - деді Сүлеймен.
Ол заң жобасын екі негізгі блокқа бөлуге болатынын айтты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында – «дауларды шешудің баламалы тәсілдерін де дамыту керек, бұл мемлекеттің қатысуынсыз ымыраға келуге мүмкіндік береді» деп, «Медиация туралы» Заңға сыни пікір айтты. 2019 жылдан бері заң жобасын әзірлеу аясында Сенат қабырғасының өзінде 100-ге жуық жұмыс тобы өткізілді, онда 1000-нан астам ұсыныс түсіп, жұмыс тобында бірнеше рет електен өткізіліп, назарларыңызға ұсынылып отырған жобаға 2 Кодекске және 4 Заңға өзгеріс енгізілді, - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл қылмыскерге кешірім жасалу немесе жазадан құтылуына жол беру емес, тек тараптардың толық келісімімен іске асырылатын қадам.Елімізде медиаторлар кәсіби және қоғамдық негізде болып екі түрге бөлінеді. Тәжірибеге сәйкес, ірі қалалар кәсіби медиацияның орталығына айналуда, ал ауылдарда қоғамдық медиация дамуда. Негізінен кәсіби медиация онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар: бұзақылық, ұрлық, алаяқтық, озбырлық, жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда болған жағдайларда қолданылады. Айыпталушы мен жәбірленуші арасындағы екі тарапты да қанағаттандыратын медиативтік келісім азаматты әрі қарай құқық қорғау органдарына беруді тоқтатуға негіз, - деді Ләззат Сүлеймен.
Ал қоғамдық медиаторларға келсек, бір-ақ мысал. Алматы облысы Сарқан ауданында 300 тарта жас отбасын ажырасудан алып қалған медиатор Қалиева Күлбаршын апамызды үлгі етуге болады. Қазір түскен істердің 30%-ы күнделікті істер. Бұндайда судьяның қандай нақты шешім қабылдауы керектігін айқындауға болады, «смарт-көмекші» жұмысын даусыз істерден біртіндеп бастайды деп күтілуде. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді және республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді, - дейді ол.