Сенатта бюджет шығынын талап етпейтін конвенция қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында тағы бір конвенция мақұлданды.

Бұл заң жобасы - "Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялау туралы" деп аталады. Оны Сенат отырысында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.
ҚР қаржы министрлігі салықтарды төлеуден жалтаруға қарсы күреске бағытталған Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымының жаңа жобасы – BEPS-ке Қазақстанның қатысуына бастама жасады. Бұл халықаралық шартқа қосылудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өткім келеді. Өйткені бұл - Еуропалық одақтың директивасына сәйкес BEPS жобасының барлық қатысушылары үшін міндетті шарт. Аталған конвенция барлық екіжақты салықтық конвенцияларға салық салудан жалтаруға қарсы іс-қимылға бағытталған өзгерістер енгізеді, - дейді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бұл ретте көпжақты конвенцияның мәні тек екі тарапы да көпжақты конвенцияға қосылған екіжақты салықтық конвенциялар ғана болады екен.
Көпжақты конвенцияда көзделген негізгі өзгерістер: біріншіден, заңды тұлғалардың қос резиденттік мәселесін шешу тәртібі анықталған; екіншіден, кіріспе мәтіні екі мемлекетте де, атап айтқанда кіріс көзі болатын мемлекетте және кіріс алушының резиденттігі болатын мемлекетте кірістерді салық салудан босату мүмкіндігін болдырмау бөлігінде толықтырылды. Үшіншіден, егер мәміленің мақсаты тек осындай жеңілдіктерді алу болған жағдайда жеңілдіктерді қолдануды шектейтін ереже көзделген. Төртіншіден, дивидендтер бойынша кіріс туындағанға дейін бір жыл ішінде жеңілдіктерді алу үшін белгіленген шарттардың сәйкес болу қажеттілігі туралы талап белгіленді, - дейді вице-премьер.

Қаржы министрі "Атамекен" ұлттық палатасы алаңында бизнес-қауымдастық өкілдерімен көпжақты конвенцияның ережелерін түсіндіру мақсатында бірнеше рет кездесу өткізгенін айтты. 

Конвенцияны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді деп отыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы