Сенатта биологиялық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қатысушылар осы саладағы өзекті сын-қатерлерді, оның ішінде инфекциялардың таралу қаупі, бақылау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдардың ынтымақтастығын үйлестіру мәселелерін талқылады. Зертханаларды жаңғырту, маман даярлау және органдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға баса назар аударылды.

Комитет төрағасы Андрей Лукин отырыс басында биологиялық қауіпсіздік халықтың денсаулығы мен еліміздің экономикалық әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол бақылау жүйесін жаңғырту, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне тоқталды.

Биологиялық қауіпсіздік әлем қауымдастығына маңызды мәселе болып отыр, ол еліміз халқының экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқатына да тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары әлемдік кеңістікте тез таралатын, халықтың денсаулығы мен ел экономикасына зиян келтіретін өте қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиясы байқалуда. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда террористік топтар тарапынан биологиялық қаруды қолдану қаупі мен халықаралық көлік дәліздері арқылы ерекше қауіпті инфекцияның келу қаупі бар. Осы мәселелерді құзыретті органдарымыз тұрақты бақылауда ұстауы тиіс, – деді Андрей Лукин.

Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов отырыс барысында еліміздің Қарулы Күштерінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралар аясында биологиялық қауіптерді басқару әдістемесі мен 2024–2025 жылдарға арналған тиісті жоспарды әзірленгені туралы айтты. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев отандық вакциналар өндірісін арттыру, заманауи технологияны енгізу және ерекше қауіпті инфекцияларға қатысты ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

Отырысқа қатысушылар биологиялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту және ықтимал биологиялық қауіптерге дайындықты арттырудың маңыздылығына назар аударды. Отандық вакцина өндірісін дамыту, зертханаларды жаңғырту және білікті мамандар даярлау негізгі басымдықтар қатарына жататыны айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы