Сенатта азаматтық қоғамды дамыту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді. 

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында азаматтық қоғамды дамыту және отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Кездесу барысында отандық БАҚ дамуындағы оң өзгерістер, сондай-ақ мемлекет тарапынан да, медиа-нарыққа қатысушылардың тарапынан да жүйелі шешімдерді талап ететін маңызды мәселелер атап өтілді. Осыған байланысты еліміздегі отандық медиа саланы дамытудың негізгі мәселелері мен проблемаларын көрсететін «Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспары» әзірленген болатын. 

Сенаторлар салалық министрліктің мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді коммуникациялар қалыптастыруға, сондай-ақ БАҚ туралы заңнаманы жетілдіруде жұмысты сапалы ұйымдастыруға назар аударды.

Салалық министрлік өкілдері өз кезегінде депутаттарға осы бағытта қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді. Атап айтқанда, министрлік журналистерді аккредиттеу ережелерін жаңа редакцияда бекітті. Сондай-ақ БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін журналистердің құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы регламент әзірленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы