Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасы таныстырылды

Сенатта Әлеуметтік кодекс таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ондағы жаңалықтардың қатарында әр отбасында цифрлық картасының болатыны, жұмыспен қамту саласына жаңа тәсілдерді енгізу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру бар.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Әлеуметтік кодекс – бұл елдегі әлеуметтік саясатты жақсарту жолындағы тағы бір қадам болып отыр. Сенатор құжатта халықаралық деңгейде мойындалған және белгіленген жаңалықтар жазылғанын атап өтті.

Әлеуметтік кодекс жобасында ана мен баланы ұлттық демографиялық саясаттың факторы ретінде қолдау тетіктері, еңбек нарығын дамытуды ұйымдастыру және жұмысқа орналасуға көмек көрсету, аз қамтылған отбасылардың материалдық әл-ауқатын арттыруға көмектесу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру, мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау және т. б. бойынша жаңа шаралар көзделген, - деді сенатор.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстыру кезінде кодекстегі негізгі жаңалықтар туралы парламентшілерді хабардар етті. Олардың қатарында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін өзгерту, мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлері, әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақылардың жақсартылған жүйесі және басқалары бар.

Таныстыру барысында қатысушылар қазіргі уақытта икемді жұмыспен қамту, жас жұмыс күшінің көбеюі, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың толық қатыспау мәселелері бар екенін атап өтті. 

Министрлік басшысы бұл мәселелерді шешу үшін Кодексте еңбек нарығын ырықтандыру тетіктері, жұмыс күшінің тәжірибе-дағдысын арттыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жұмыспен қамту орталықтарын мобильді орталықтарға айналдыру ұсынылғанын хабарлады.

Жалпы алғанда Кодекс жобасында Қазақстанның әлеуметтік саласын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға бағытталған 50-ден астам заңға өзгерістер мен толықтырулар көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенат баспасөз қызметінен
Өзгелердің жаңалығы