Сенатта аграрлық ғылымды дамытудың келешегі талқыланды

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жүздесуге қатысушылар аграрлық ғылымды дамыту және оны жеткілікті қаржыландыру мәселесін талқылады.

Комитет төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі кездегі ауыл шаруашылығының одан әрі өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету үшін жоғары технологиялық ғылымның қолдауына мұқтаж сала екені айтылды. Президент сонымен қатар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру міндетін қойды.

Бүгінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын толыққанды трансформациялау және оны зерттеу ісінің барлық кезеңі қамтылатын Агротехнологиялық хабқа айналдыру үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының негізгі міндетінің бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуын қолдау және оның ғылыми негіздемесін жасау болып табылады. Сондықтан бұл орталық пен ғылыми ұйымдардың жағдайын елемеуге болмайды, - деді Әли Бектаев.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ өкілі өз кезегінде аграрлық ғылымды қаржыландыру мәселесі туралы сенаторларға айтып берді. ҰАҒБО агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 230-дан астам функцияны орындап келеді. Алайда, ол еншілес ұйымдардың дивидендтері есебінен қаржыландырылады, дегенмен бұл ахуал ҰАҒБО-ның ұзақ мерзімді дамуына жеткіліксіз әрі тұрақсыз болып табылады және қаржы жағдайын қиындатады. Егер шұғыл түрде алдын алу шаралары қабылданбаса, онда орталыққа ҰАҒБО құрылымын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға тура келеді және оның салдары әлеуметтік дүмпу туғызуға және Мемлекет басшысы тапсырмасының орындау мерзімінің кешігуіне әкеп соқтырады.

Шараға сонымен қатар ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы